Главная » Файлы » Тағылым

Журналист болу арманым еді
15.05.2017, 18:15

 

Журналистика мамандығын бала кезден армандадым. Осы мамандық иесі болғым келгені сонша, арманға деген алғашқы қадамдарым бастауыш сыныпта оқып жүрген кезде басталды. Алғашқы мақаламды «Қазақстан пионері» (Ұлан) газетіне, жоғарғы сыныпта «Көкшетау правдасы» (Көкшетау) газетіне беріп жүрдім. Жазған туындыларым жарыққа шығып жатса төбем көкке жеткендей қуанатын едім. Күн сайын журналист болам деген арманым ақиқатқа айналарына сенімім арта түсті. Күндер зырғып өтіп жатты. Мектеп тәмамдадық. Әдебиет пәнінен емтихан тапсырғанда «Менің таңдаған мамандығым» деген еркін тақырыпта шығарма жазып шықтым. Өзіме арман болған журналистика жөнінде кеңінен толғап, журналистика әлеміне хас шебер болғым келетіні жайында жазғаным бар.

Алғаш рет ауылдан басқа жаққа шығып көрмеген қарақан басым қара қоржынды құшақтап қазіргі Астана қаласына келдім. Алғашқы түні вокзалға түнегенім есімде. Өкінішке қарай мен іздеген журналистика факультеті Астана қаласында жоқ болып шықты. «Енді не істеймін?! Арманым арман күйінде қалмақ па?!» деген сұрақтар санамда жауапсыз қалды. Оқуға қабылдау емтиханы бүгін-ертең басталайын деп тұр. Амалсыз құжаттарымды институттың қаржы бөліміне тапсырдым. Осылай қаржы маманы болып шыға келдім.

Бірақ тылсым күш мені бәрібір жазушылыққа тартып тұрды. Тәңірден арманымды аяқасты ете көрме деп жалындым... Өйткені өзіме сендім! Мені жарқын болашақ күтіп тұр ойладым.

Қаржы маманы болсамда қаламнан қол үзбедім. Аймақаралық «Бұқпа», аудандық «Айыртау таңы», облыстық «Көкшетау правдасы» газеттеріне үзбей жазып тұрдым. Осы кезде марқұм Мәтен Бижанов, Төлеген Қажыбаев ағаның ақыл-кеңестерін тыңдай жүріп қаламымды ұштай түстім, олардың:

Төртінші билік өкілдері аталып кеткен Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамда халықтың назар аударуы тиіс маңызды жағдайларды көп жаза берсе халық та аталмыш түйткілді мәселеленің қаншалықты маңызды екенін білетін болады. Осылай азаматтар өздері сайлаған билік органдарымен байланыс орната отырып, оны шешуге күш салатын болады. Шын мәнінде қоғам мүшелерінің мүддесі, қызығушылықтары әр түрлі болады. Біреу үшін маңызды нәрсеге екінші біреу селқос қарайды. Журналист сол өзекті мәселелер жайлы ақпарат беріп әлемде болып жатқан алуан құбылысты зерттеп, сараптап, саралап оны жазбаша түсінікті етіп жеткізе білуі керек. Көкше өңіріндегі қазақ тілді тәуелсіз «Бұқпа», «Көкшетау» газеті осы мақсатты көздейді.

Журналист қоғамда болып жатқан жайттарға бірінші болып елеңдеп, билік пен бұқара арасындағы алтын көпір, заманауи техниканы жетік меңгеріп, заман көшінің алға озуына ықпалын тигізіп, халықтың жаңалықты бірінші болып білуіне жағдай жасап жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының маманы болуы керек. Журналист мамандығы – қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті, біліктілікті талап ететін жауапты сала. Өз шығармашылығы арқылы қоғамға да, адамға да қызмет ететін, ешқашан қателесуге болмайтын, қашанда жаңаның, жаңалықтың жақтаушысы, қолдаушысы болатын маман иесі»,- дегендерін көңілге тоқыған едім.

Журналистер Одағына мүше болу үлкен жауапкершілік жүктеді. Бұл маған Тәңірдің берген тартуы деп ұғындым. Қол жетпестей болған арман орындалды. Иә, журналистика қоғаммен бірге өмір сүріп, қоғаммен бірге тыныстауы тиіс. Аса дарынды қаламгер Шерхан Мұртаза «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп тегін айтпаса керек.

Категория: Тағылым | Добавил: Yersin
Просмотров: 1561 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]