Главная » Файлы » Тағылым

Мамандық таңдау
15.05.2017, 17:59

 

Қазір мектеп түлектері ҰБТ сынағына дайындалып, оқу орны мен мамандықтарын қызу таңдау үстінде болар. Өмірде мамандықтың түрі көп. Ал, мамандық таңдау – тағдырыңды таңдау деген сөз. Мамандық –өмір сүруіңнің көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі. Біреулер үшін –армандарының орындалуы немесе отбасы дәстүрін жалғастыру, енді біреулер үшін – дербестікке талпыныс, кей біреулерге — қандай да бір мамандық алу. Бірақ өмірде өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіп түрін таңдау бұл өміріңнің бастапқы кезеңіндегі негізгі қағидаң болуы керек. Сондықтан мамандық таңдау өміріңдегі маңызды іс және өзіңе деген жауапкершілікті талап ететін кез. «Менің өмірден өз орнымды қалай табамын?»,- деген сұрақ өмірдің айдынына шыққан сені мазалауы мүмкін. Мамандықты таңдау үшін, адам ең алдымен өз бейімділігін тануы қажет. Әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйеніп, нақты әрі салмақты түрде ойланған дұрыс. «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан» деген бабамыз Абай. Сондықтан мамандық таңдау - өміріңнің бір кірпішін дұрыс қалау.

Өз жаныңызға жақын мамандықты іздеп табу өміріңдегі күрделі жұмыс. Өз қалауыңызды білесіз, бірақ мамандығыңыздың қалай аталатынын білмейсіз. Өйткені адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек.

Бұндай жағдайда мектеп психологтары, мектеп мұғалімдері, оқу орындарының оқытушылары, ата-анаңыз, туған-туыстарыңыздың көмектеріне жүгінгеніңіз жөн. «Бала жүрегі- кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек», - деп, М. Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу, он бір жыл оқытқан баланың қабілетін анықтап, жөн сілтеп, ақыл беру мұғалімнің ең басты міндеті деп ойлаймын.

Дегенмен, әр жеткіншек жүрегінің үнін тыңдаған дұрыс. Мамандықты дұрыс таңдасаң, өз өміріңнің кірпішін дұрыс қалағаның. Әрине жастық шақтағы таңдаған мамандығың болашақ армандарыңның бастауы болары анық. Есейе келе мүлде басқа көзқарастар, мүлде басқа пікірлер қалыптасуы мүмкін. Дегенмен әр адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді.

Ал, өз ісінің нағыз маманы болу үшін ең алдымен мамандығыңызға деген махаббат керек. Махаббатпен істелген жұмыс қана нәтиже бермек. Екіншіден мамандығыңыз сіздің сүйікті ісіңізге айналуы қажет. Бұл жағдайда адам жұмысқа ерекше құлшыныспен кірісіп, жұмысынан ләззат алады. Әлемде өзі қаламайтын мамандық иесі болып жүрген қаншама адам бар, өз жұмысын жанымен сүйіп істейтін адамдардың да саны аз емес. Сондықтан мамандықты дұрыс таңдау өміріңнің маңызды кезеңі екені қаперіңде болсын.

«Шабытынды шарықтат, сонда ғалам сен үшін бұрын қамал тұрған жерлерден жол ашады», - деп атақты ағылшын ойшылы Джозеф Кэмпбэлл айтқандай, адам шың жүрегімен қатты қалаған, талпынған ойы міндетті түрде жүзеге асады деп ойлаймын. Ал ол үшін талпыныс қажет. Алға талпыну – тыныштықты жоғалту, бір орында қалып қою – өзіңді жоғалту болып саналады. Болашағың үшін мамандығыңның қыр-сырын анықтап, нақты қайда бара жатырсың, не үшін бара жатырсың, соны болжап, нақтылап алып болған соң ғана талпынуымыз керек. Ал жетістіктерге қол жеткізу үшін, әрекет етіп қана қоймай, қиялдауымыз да керек, жоспарлап қана қоймай, сенуіміз керек. Ең бастысы өзіңе деген сенімділік. Алға қойған мақсаттарың үшін еңбек ет, сол мақсаттарың болашақта ел үшін, өзің үшін қызмет ететін болады.

 

Категория: Тағылым | Добавил: Yersin
Просмотров: 834 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]