Главная » Файлы » Тағылым

Ана жүрегін жаралама
15.05.2017, 18:10

 

Кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Өз баласын бағып-қағуда ана бар күш-жігерін сәбиін тәрбиелуге жұмсайды, осы арқылы перзентінің жаны нұрланып, бойы нәрленіп ержетеді. Ананың мейірімділігінде шек жоқ, баласы қандай қателік жасаса да, ана жаны кешірімді. Өйткені Ана ақ сүтін беріп, аялаған баласын ақ періштем деп мақтан тұтады.

Сондықтан ананы құрмет тұту, қастерлеу әр баланың қасиетті борышы. Ендеше ана махаббатын қадір тұтып, оның көңіліне қаяу түсірмей сені мақтан тұтатындай оған сүйкімді жағымыздан көрініп жүрміз бе? Өйткені Ана махабатына мүлде басқаша жауап беретіндерді де бар? Ұлымыз жаман қылық істейді, ал қызымыз анаға көмек берудің орнына, онымен сөзге келеді… Осының бәрі ананың жүрегіне қалай ауыр тиетінін түсінсек қой?

«Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» дейді халық даналығы, шынында анамыз бар кезде біз өзімізді әлі де сәбидей, сәби болмаса да, қорғаны бар, ұясы бар балапандай, шатыры бар керегедей, аспаны бар жұлдыздай, құнары бар топырақтай, ағашы бар жапырақтай, көктемі бар самал желдей, жазы бар жайнаған гүлдей, күзі бар жаңбырдай, қысы бар қардай, қысқасы, қандай жағдайда болмасын саясы бар адамдай сезінеміз. Анамызды сыйлаймыз, құрметтейміз, еркелейміз. Біздің еркелігімізді көтеретін бұл жалғанда «Анадан» басқа жан бар ма? Жоқ!!! Солай бола тұра жалған дүниенің есігін ашқаннан бастап, осы күнге дейін бағып-қағып, мәпелеп өсіріп, ешкімнен кем қылмай, осы күйімізге жеткізген аяулы анамызға тым болмаса «Рахмет!» деген қасиетті сөзді айта алдық па екен?!.

Ал кейбір жандар анаға алғыс айтпақ түгілі тілеуін тілеп жүрген анасын да ұмытып кетеді. Бес саусақ бірдей емес. «Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да, қарызын өтей алмайсың», - деген қазақтың қанатты сөзі бар. Шынында да, бұл дүниеде ананың қарызын өтеуге ниет қылып қанша талпынсақ та оның бізге істеген жақсылығын, қарызын өтей алмаспыз. Ананың 9 ай, 9 күн көтеріп жүріп, нәрестеге өмір сыйлаудың өзі неге тұрады?... Ал біз, кейде ананың бір ауыз сөзін де көтере алмай қалатын кездеріміз болады! Ананың қарызын өтей алмасақ та, тым болмаса оның қабағына кірбің түсірмеуге тырысайықшы! «Балам, маған көмектесе салшы», - деген Анаға «Ой, Ана, уақытым жоқ», - деп айта салуымыз мүмкін. Сол «уақытым жоқ» деп немқұрайлы айтылған сөзден де, Ананың кіршіксіз жүрегіне жара түсетінін білеміз бе? Жоқ!!! Ананың кең жүрегі жарадан тілім-тілім болып, түн ұйқысын төрт бөліп өсірген баласынан махаббат, ыстық ықылас, мейірім, жылу көрмесе біртіндеп гүлдей солып қалуы да ықтимал ғой...

Ендеше ана табанының астындағы жұмақтың есігін ашам деп анаңды ренжітпе! Бірде пайғамбарымызға Мұхаммед (с.ғ.с)ге сахабасы:

-Ең алдымен жақсылықты кімге істейсің, - десе,

-Анама! - депті.

-Жарайды, ал сосын кімге, - десе,

-Анама! - депті.

-Иә түсіндім ғой, ал сонан соң ше? - десе

-Тағыда Анама, - депті! Міне пайғамбарымыздың өзі ана атаулыны қалай силаған!

Шынында өміріңді өрт шалса су бүркетін, басымыздан күн өтсе көлеңке болатын, қараңғыда адассақ ай болып жарық шашатын, тағдырдың ызғарынан тоңсақ күн болып шуақ беретін, ашуға берілсек сабырға жетелейтін – анамыз бар.

«Ата-ана қадірін, балалы болғанда білерсің» дейді. Бірақ, үйленіп, отбасы құрып, балалы болғанша ананың мейірін, қадірін түсінбеуіміз біздің жіберер үлкен қателігіміз болар. Өйткені бала - шағалы болғанша, аналарымыз қасымызда мәңгі жүрмейтін шығар. Тағдыр дәптеріне не жазылғанын, алдымызда не күтіп тұрғанын кім біледі? Сондықтан ананы ренжітіп, оның махаббатқа толы нәзік жүрегін жаралап, жанын күйдіріп, анамызды жоғалтып алудан қорқуымыз керек.

Қазір әркімде ұялы телефон бар. Қай жерде жүрсеңдер де, телефондағы анаңның нөмірін теріп алып «Анашым Аман жүріңіз, мені азамат қылып тәрбиелегеніңізге мың да бір алғыс, мен сізді шексіз жақсы көремін!», - деп неге айтпасқа. Бәлкім анаң сол сөзге мұқтаж болып жүрген шығар, бәлкім, анаңның дауысын соңғы рет естуің шығар, кім біледі?...

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, қарақан басын ойлайтын жандар анасынан айрылып қалғанда ғана оның қадірін біледі. Сондықтан Ананың жанында өткізген әрбір секундты күндей, минуттарды айдай, сағаттарды жылдай көріп, анамыздың амандығына Тәңірге шүкіршілік айтып, Анамызды құрметтеп жүрейік. Өйткені бұл біздің балалық парызымыз! Күндердің күнінде:

- Мама, сізге мың да бір алғыс! Мен сізді сондай жақсы көремін! – дегілерің келер. Бірақ... әттең бұл сөзді неге тым кеш айттым екен, - деп өкінулерің де мүмкін ғой!!!

Категория: Тағылым | Добавил: Yersin
Просмотров: 906 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]